Main content

Alert message

Байқоңыр қаласына жұмыс сапар

28 наурыз күні Байқоңыр қаласында Қорымыздың басшысы және серіктестермен екі нәтижелі шара өткізілді.Күннің алғашқы бөлігінде «Благодари» қорының ғимаратында ата-аналар, мамандар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, арнайы педагогтар, қоғамда белсенді жүмыс жасап отырған еріктілермен кездесу ұйымдастырылды, Қатысушылардың барлығы да осы балалардың бұзылыстарына қатысты, олардың білім алудағы еерекше қажеттіліктері, көмек пен қолдаудың түрлері, қызмететр мен нормативтер, менталды бұзылыстары бар жастардың жеке өмір сүруі мен кәсіби дайындығы туралы ақпараттармен танысты. Ата-аналардың ортақ кездесуі барысында қазіргі таңда Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы бұл тұлғаларға қандай қолдау көрсету бағдарламалары бар екендігі атап көрсетіліп, жалпы кездесу барысында көптеген сұрақтар талқыланды. Қазақстан Республикасының азаматтары тарапынан білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала тарапынан қажеттіліктер, мұқтаждықтар мен ала алмай отырған қызметтер туралы ақпарат анықталып, Алмагүл Дәулетқазықызы өз тарапынан заңгер әрі Арнайы білім беру саласының маманы ретінде Байқоңыр қаласындағы қазақстандық басшыларға жеткізді. 
Түстен кейінгі уақытта Байқоңыр қаласындағы Қазақстанның тарапындағы № 275 мектепте ҚР білім беру мамандары және РФ педагогтары бірлесе отырып Ресей-Қазақстандық семинар жұмысы өткізілді. Кездесуге 160 аса адам қатысты. Алмагүл Сейсенова Қазақстан Республикасының білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге педагогикалық, түзету және психологиялық қолдау көрсету жүйесі, оларды медициналық оңалту және әлеуметтік бейімдеу мәселелері туралы дәріс оқып, елімізде және Ресей Федерациясындағы инклюзивті және арнайы білім беру бойынша мәліметтерді айтып өтті, ҚР-ндағы заңнамалық база мен нормативтік-құқықтық актілер, соңғы жылдары еліміз ратификациялаған халықаралық Конвенциялар, қол жеткен жетістіктер туралы баяндады. Жалпы семинар барлық қатысушыларға өте қызықты және мәнді әрі мағыналы болды. Байқоңыр қаласындағы серіктесіміз «Благодари» қайырымдылық қорының басшысы Роза Баймаханова ханымға ұйымдастырған шаралар үшін алғыс білдіреміз.

 

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына іс-сапар

      Қызылорда облысындағы іссапардың келесі шарасы наурыздың 27-і күні Қармақшы ауданының білім бөлімі ұйымдастырған № 26 мектеп қабырғасындағы педагог мамандармен жиналыс болды. Содан кейін Байқоңыр қаласындағы қорымыздың серіктесі Роза Баймаханова бастаған Ресей Федерациясының «Благодари» қайырымдылық қоры ұйымдастырған шараларға қатысу болды. 
     «Благодари» қоры денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалардың ата-аналары өздерінің балаларына қатысты міндеттер мен мәселелерді бірлесіп шешу, сонымен қатар келесі іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылған: 
- азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен қорғау, бала кезінен мүгедектігі бар балаларды және өзінің жеке немесе зияткерлік ерекшеліктері, өзге де жағдайларға байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше іске асыра алмайтын өзге де адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды қамтамасыз ету; 
- отбасының қоғамдағы рөлі мен мәртебесін нығайтуға жәрдемдесу; 
- ана, бала және әкені қорғауға жәрдемдесу; 
- азаматтардың денсаулығын сақтау және алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту саласындағы қызметке жәрдемдесу;
- денсаулық мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды әлеуметтендіру және ортаға бейімдеу.
       Сапар барысында осы ауданның аймағында орналасқан Қорқыт атаның басында орналасқан мемориалдық кешенге бару ұйымдастырылды. Біздің қор жетекшісі мен әріптестерін Байқоңыр қаласына енбестен бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі және Байқоңыр қаласындағы «НұрОтан» партиясының бірінші орынбасары қабылдап, қошемет көрсетіп, жалпы қазіргі таңда қалада қандай жағдай болып отыр, Қазақстан Республикасының азаматтарына, мүгедектігі бар балалардың білім алу қажеттіліктеріне байланысты қандай нәтижелі шаралар атқарылып, нендей жоспарлар бар екендігін таныстырып өтті.

 

Қызылорда қаласындағы жұмыс сапарда өткізілген іс-шаралар

        

          «Азамат әлеуеті» Жеке Қайырымдылық Қорының Президенті Сейсенова Алмагүл Даулетқазықызының наурыздың 25-26 күндері Қызылорда қаласындағы жұмыс сапары бойынша қысқаша ақпарат. Наурыздың 25-і, жұмыс сапарының бірінші күні Қызылорда қаласында орналасқан облыстық ақыл-ой бұзылыстары бар балаларга арналған № 7 мектептің ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында мектептің жұмысы туралы ақпарат алынып, қазіргі таңда қандай өзгерістер болып жатқаны туралы нақты мәлімет беріліп өтті. Аталмыш оқу орнында менталды бұзылыстары бар балалардың білім алуы қалай болып жатыр, мұғалімдердің хал-ахуалы қалай екендігі анықталып, осы балаларға тәрбие жұмысын жүргізіп отырған тәрбиешілермен жұмыс жүргізіліліп, жалпы жұмысты қорытындалай келе барлық мамандармен жиналыс өткізіліп, сұрақ-жауаптар алынды. Мектеп басшылығы, мұғалімдер, тәрбиешілер, қызметкерлердің барлығы да ашық түрде қонақтармен сұхбат құрып, жұмыс жүргізе алды. Бір айта кететін жайт - Алмагүл Дәулетқазықызы өңірмен және облыстағы арнайы білім беру ұйымдарымен куратор ретінде 2012 жылдан бері жұмыс жасағандықтан, барлық мамандар мен педагогтар сұрақтарын ашық түрде қойып, сауалдарына жауап ала алды. 
Сол күні түстен кейін белгілі меценат Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» Жеке Қайырымдылық Қорының ғимаратында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналармен шағын кездесу болды. Аталмыш қор ұйымдастырып отырған жұмыс аясында Қызылорда облысындағы аутистік спектрдегі бұзылыстары бар балаларға түрлі қызметтер атқарылып отыр. Қор жұмысымен Айтбенбетов Болатбек мырза таныстырып өтті. Бұл күні аутист балалар мен Даун синдромына шалдыққан балалардың ата-аналарымен тығыз жұмыс жүргізіліп, мамандармен сұхбат өткізілді.

              Наурыздың 26-ы күні түске дейін Қызылорда қаласында орналасқан арнайы білім беру ұйымдары: түрлі бұзылыстары бар балаларған арналған Арнайы мектептер, Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер, Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, Оңалту орталықтарының басшылары мен мамандары, арнайы сыныптардың мұғалімдері, қазіргі таңда инклюзивті білім беруді жүзеге асырып отырған «Болашақ» Қорымен жұмыс жасап отырған инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінің сол жердегі ұстаздарымен кездесу өтті. Кездесу барысында түсініктеме жұмысы жүргізіліп, педагог кадрлардың жұмыстарына қажет ақпараттар мен мәліметтер берілді. Осы тұрғыда арнайы білім беру саласына қатысты, инклюзивті білім беруге байланысты, бұл балалардың ересек өміріне орай Сейсенова Алмагүл Дәулетқазықызы мол ақпарат беруге тырысты, өзара пікір алмасу белсенді өтті. 
             Айта кететін жайт Қызылорда облысында соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базасы бар Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ашылуына «Дара» Қоры бірден бір себепкер болған. Даулетиярова Маржан Мұқитқызы осы кездесуді ұйымдастырып, психологиялық-педагогикалық кабинеті негізінде облыстық білім басқармасынан басшылар шақырылды, сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшылары, арнайы 3 мектептің өкілдерімен (көру, есту, ақыл-ой бұзылыстары бар балаларға арналған мектептер) өзара сұхбат құру барысында қазіргі таңда облыста қандай келелі мәселелер бар деген сұрақтарға жауап қайтарылды. Кездесуде білім беру саласындағы Облыстық Оңалту орталықтарының басшылары да болды, олардың тарапынан да сұрақтар туындап, жалпы өнімді әрі маңызды сұқбат жүргізілді. 
            Наурыздың 26-ы күні түстен кейін қаладағы № 278 мектептің негізінде Қызылорда қаласында тұратын ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, педагог мамандар, арнайы білім беру мекемелерінің ұстаздары және инклюзивті білім беру мәселелерін жүзеге асырып отырған педагогтармен кездесу өткізілді.
           Сол күні кешке таман серіктестер 3 интернатты мекемеге барып, жұмыстарымен танысты. Олардың арасында арнайы әлеуметтік қызметтерді атқаратын орталықтар да бар. Мүгедектігі бар тұлғалармен оңалту шараларын атқарып отырған әлеуметтік саладағы Облыстық Оңалту орталығының директорының орынбасары Гүлмира Айбасқызы Кенжебаева мүгедектігі бар ересек тұлғаларға арналған орталық ғимаратын толығымен көрсетіп, жүмыспен таныстырып шықты. Бұл орталықтың ғимаратының бір бөлігінде Астана қаласындағы Республикалық балаларды оңалту орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалы да бар екен. Психикалық денсаулық орталығының басшысы Жұмабаев Алмат Дастанұлы менталды бұзылыстары бар тұлғаларға арналған арнайы мекеме екендігін белгілеп, соның ішіндегі психикалық және ақыл-ой бұзылыстары бар тұлғаларға қандай қызметтер атқарылатыны, жұмыстар қалайша жүзеге асырылып жатыр, қазіргі таңда деиституцианализация мәселесіне орай қандай дайындық жұмыстары жасалып жатқанын айтып, жаңа бастамалардың барлығын көрсетіп шықты. 
             Қызылорда қаласында наурыз 25-26-ы күндері өткен шараларды ұйымдастырып, үлесін қосқан барлық мекеме басшылары мен мамандарға зор алғысымызды білдіре отырып, болашаққа жоспарлаған жұмыстарыңыздың жүзеге асуына тілектестігімізді білдіреміз.

 

 

Наурыз мерекесімен құттықтау

 Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! "Азамат әлеуеті" Жеке Қайырымдылық Қоры Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық, ал жастарымызға жарқын болашақ тілейміз. Азаматтарымыздың әлеуеті жоғары болсын. 
Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

 

Дүниежүзілік әлеуметтік жұмыс күні

Жыл сайын наурыздың үшінші сейсенбісінде Дүниежүзілік әлеуметтік жұмыс күні атап өтіледі.

Халықаралық деңгейдегі әлеуметтік жұмыстың міндеттеріне: әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саясат мәселелері бойынша түрлі мемлекеттердің құрылымдары мен өкілдері арасында тәжірибе алмасу, халықаралық стандарттар мен құқықтық нормалар негізінде жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық саясаттың әлеуметтік бағытын дамытуға қатысу жатады.

Әлеуметтік жұмыс өте көп қырлы және халықтың әртүрлі санаттары мен топтарын қамтиды. Әлеуметтік жұмыстың негізгі міндеті әлеуметтік қолдау және қорғау шаралары жүйесі арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады.

Әлеуметтік жұмыстың бағыттылығын бөлу бағдарламасы, жұмыс әдістерін, сондай-ақ көмек пен қолдауды қажет ететін азаматтардың нақты санаттарының құқықтарын іске асыруда қорғау және көмек көрсету тәсілдерін құруға мүмкіндік береді. Мұндай бағыттарға: балалармен, отбасылармен, мүгедектермен, зейнеткерлермен, ардагерлермен, материалдық мүмкіндіктері шектеулі (аз қамтамасыз етілген) адамдармен, өмірде қиын жағдайға тап болған балалармен, үйсіз адамдармен және т.б. жұмыстар жатады. Ол әлеуметтік жұмыстың қаншалықты көп қырлы екендігін, оған тікелей қатысы бар адамдар қандай маңызды қоғамдық міндеттерді атқаратынын көрсетеді.

           Әлеуметтік жұмыс қиын сала екенін есте сақтау маңызды, ол қызметкерлерден зор шыдамдылық пен кәсіпқойлықты талап етеді, өйткені оның бағыттылығы – адамдар; өзінің сипаты, көңіл-күйі, денсаулық жағдайы, сондай-ақ оларға шешуге көмектесетін мәселелері бар адамдар.