Main content

Alert message

Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу ғашықтар күніне орай салтанатты үйлену тойы

        Сәуірдің 15-нде Қазақстанда Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу ғашықтар күніне орай Алматы қаласының № 1 Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету Орталығы жанындағы Өздігінен өмір сүру үйінің тұрғындары Константин мен Неллидің салтанатты үйлену тойы өтті.

     Махаббат тарихына шолу жасасақ, Өздігінен тұру үйінің меңгерушісі Әбілқасымов Өміржан Абдрахимұлының айтуынша Константин мен Нелли ұзақ уақыт бір үйде, бірақ бөлек кіреберістерде тұрған екен. Бір-бірін жиі көретін, бірақ ол кезде Константин біздің Неллиге көңіл аудармапты. Нелли оған әрдайым көз қырын салып, назарынан алмапты. Тағдырлары солай болған шығар, Нелли Алматы қаласының № 1 Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (Каблуков көшесіндегі психо-неврологиялық интернат) түседі, сол жерде Константинді кездестіріп қалады. Олар бір ғимаратта, бірақ түрлі блоктарда (ерлер мен әйелдер) тұратын, ас әзірлеу кезінде көмекке келетін біздің жұп сол жерде жиі кездесіп, бір-бірін ұнатып қалады. Бұл жұптың байланысын байқағаннан соң біз оларды Өздігінен тұру үйі ашылғанда сол жерге жолдау туралы шешім қабылдадық. Содан бері олар өзара тығыз қарым-қатынас орнатты. Бір күні Нелли маған келіп, менімен сөйлескісі келетіндігін айтты, сөйтсек олар Константин екеуі үйленгісі келетіндері туралы ойларын айтып, бізден рұқсат сұрады. Бұл жаңалық, әрине, барлығымызды қуантты. Содан кейін Үйдің қызметкерлері біздің директорымыз Искакова Данипа Төлепбергеноваға және Неллидің қамқоршысына жаңалықты хабарлап, келісімдерін алып, үйлену тойына дайындықты бастадық. Неллидің іс-әрекетке қабілеттілігін қайтаруды ресімдеу үшін барлық құжаттар дайындалып, тиісті органдарға тапсырдық. Оның іс-әрекетке қабілеттілігін қайтарғаннан кейін олардың некелерін ресми тіркейміз, ал әзірше олар азаматтық некеде тұратын болады.
        Үйлену тойына жас жұбайлардың жақын туыстары, достары мен тілектес тұлғалар шақырылды. «Азамат әлеуеті» Жеке Қайырымдылық Қорының Президенті Алмагүл Дәулетқазықызы да салтанатты шараға шақырылды, осындай сәттің куәсі болып, тікелей эфирде үйлену тойының еліміздің барлық дәстүрлері мен салт-ғұрыптары бойынша өткенін барашамызға жеткізді. Кеш қонақтары Константин мен Неллиға арнап өздерінің шынайы тілектерін білдіріп, өздерінің сезімдері мен көңіл-күйін жасыра алмады. Бұл күн барлық адамдар үшін, әсіресе Өздігінен тұру үйінің тұрғындары мен қызметкерлері үшін ұмытылмас әрі нағыз ғашықтар мерекесі ретінде есте қалады деген ойдамыз. Ғашық және бақытты болуға барлық жандардың еш шектеусіз құқығы бар! Біз осы жұп үшін өте қуаныштымыз, оларға ұзақ жылдар бойы бірге өмір сүріп, әрқашан бір-бірін қолдап, өмір бақи жаңа бақытты сәттерді қарсы алуға дайын болуына тілектес екендігімізді білдіреміз.