Main content

Alert message

Қызылорда облысы Қазалы ауданына іс-сапар

        Наурыздың 29-ы күні Байқоңыр қаласынан әріптестер үлкен команда болып Қазалы ауданына жол тартты. Топ құрамында Central Asian Youth Autism Center - CAYAC Қорының басшысы Хуршид Зайнутдинов, РФ-ның «Благодари» қайырымдылық қорының басшысы Роза Баймаханова, Байқоңыр қаласының маңындағы Ақай ауылында орналасқан санаторлық типтегі балабақшаның меңгерушісі Ажар ханым және біздің Қорымыздың Президенті Алмагүл Дәулетқазықызы болды. 
       Қазалы ауданында сарапшыларды "«Шапағат» мүгедек балаларға арналған оңалту» орталығының басшысы Шынаркүл Куанышқызы қарсы алды. Негізінен «Шапағат» қоры 20 жылдан аса уақыт бойы мүгедектігі бар балалаларға арнайы әлеуметтік қызметтер атқарады. Мекеме тарихы 1995 жылы басталады, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде БҰҰ ДБ (ПРООН) желісі бойынша мүгедектігі бар балаларға арналған «Шапағат» оңалту орталығы болып құрылды, кейіннен өзін өңірдің белгілі қоғамдық ұйымдарының бірі ретінде көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту жұмысында елеулі табыстарға жетті. Біраз жылдардан бері Орталықтың табалдырығынан төрт жүзден астам мүгедек бала аттады, олардың алпыс шақтысы орта және арнайы мектептердің парталарына отырды. 
        Кезекті кездесу Қазалы ауданының №170 мектеп қабырғасында 140-тан астам маман және ата-аналардың қатысуымен өтті. Кездесу барысында анықталған ең ұтымды жағдай Қазалы кентінде Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің және Қыздар педагогикалық университетінің түлектері жұмыс жасауда. Жас мамандар Қазалы ауданында атқарып жатқан жұмыстарын көрсетіп, ата-аналар мен орта мектептердің ұстаздарына түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, онымен қоса инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын маман-кадрлар ресурстары бар екендігін сенімді түрде көрсете білді. Белсенді, білімді әрі білікті де көрікті жас мамандарымыз жалпы мектептің педагогтарының сұрақтарына жауап беріп, өздері ізденіс үстінде екендігін көрсетті. Мамандардың қойылған сұрақтарға өздігінен жауап іздеп, өздерінің талпыныстарын білдіріп отырғандары қуантарлық жағдай. Қазалыда тағы бір атап өтетіндей жайт ата-аналардың да белсенділік танытуы, өздері сұрақтарын қалыптастырып, қоюға талпынуы. Негізгі жоспарлаған мақсат - үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар, ұстаздар қауымы және арнайы педагогтар арасында өзара сұхбат құру еді, оған қол жеткізгенімізге еш күмән жоқ.