Main content

Alert message

Айрықша қажеттілігі бар балаларды институттау мәселесіндегі дәрігерлік этика факторы

«Азамат әлеуеті» қорының президенті Алмагүл Сейсенова 31 қаңтар күні Астана қаласында өткен «Айрықша қажеттілігі бар балаларды институттау мәселесіндегі дәрігерлік этика факторы» зерттеу нәтижелерін жариялау шарасына қатысып қайтты. Зерттеу Сорос-Қазақстан қорының қаржылық қолдауымен дайындалған.

Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда ата-анасы бас тартқан 7236 бала бар, олардың 3712-сінің физикалық немесе психикалық ауытқуы бар. Сәбилер үйіндегі 4 жасқа дейінгі 1177 баланың 553-інің дамуында ауытқу бар (Мәліметтер «Қазақстан балалары - 2016» зерттеуінен алынды https://bit.ly/2COJ3nf ).

Ата-аналардың Даун синдромы немесе церебралды сал ауруымен туылған балаларынан бас тартып, оларды мемлекеттік арнайы интернаттарға орналастыруына не ықпал етеді? Мұндай балалардың ата-анасы дәрігерлер/психологтар/әлеуметтік қызметкерлер тарапынан айрықша қолдау көре ме? Ата-ана баласынан бас тартқаны үшін қандай да бір жауапкершілікке тартыла ма? Қазақстандықтар айрықша қажеттілігі бар балаларды асырап алуға дайын ба? Мүгедектігі бар баланың отбасында өмір сүру құқығы қорғала ма? Құқық қорғаушы Айгүл Шакибаева мен әлеуметтанушы Серік Жақсылықов осы сұрақтарға жауап іздейді.
Зерттеу барысында алғашқы деректер ретінде баласы Даун синдромы және церебралды сал ауруымен туылған ата-аналардың әңгімесі тыңдалып, медицина қызметкерлері, медицина мекемелері мен интернаттардың басшылары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің пікірі жиналды.

«Біз қандай да бір диагноздың салдарынан балалардан бас тартуға қатысты ерекше саясат жоқ болар деп бағамдаған едік, расында да солай болып шықты, – дейді Айгүл Шакибаева. – Медицина қызметкерлерінің бұл диагнозға қатысты білімінің жеткілікті болмауы және қалыптасқан мифтер балалардың әрі қарайғы өміріне және олардың отбасына ықпал етеді. Жас ата-анаға диагнозды хабарлау процедурасы да реттелмеген, мұның бәрі дәрігердің мәдениеті мен этикасына байланысты. Бұл ретте халықаралық тәжірибеден мүлдем алыспыз».